-A A +A

Әділет министрінің халықпен есептік кездесуіне Баяндама

Қайырлы таң, құрметті кездесуге қатысушылар!

Әділет министрлігінің 2018 жылғы жұмыс нәтижелері туралы баяндауға рұқсат етіңіздер.

****

Өткен жылы Министрлік әзірлеген маңызды бірнеше заңдар қабылданды.

Соның ішінде жеке және заңды тұлғалардың меншік құқығын нығайтуға бағытталған заңға тоқталып өтейін.

Бұл заңға сәйкес:

- мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесін алған кезде өтелетін сома мөлшері жер учаскесінің нарықтық бағасының негізінде анықталатын болады;

- борышкерге кепілге қойылған жылжымайтын мүлікті 3 ай мерзім ішінде өзіне сату мүмкіндігі беріледі;

- баланы күтіп-бағуға арналған алименттік төлем үшін ашылатын арнайы шоттағы қаражатты өндіріп алу талабына тыйым салынады;

- қарыз алушы-борышкердің банк шотынан оның берешегін төлеу үшін ақшасын алып қоюға шектеу салынады. Енді банк шотында ең төменгі күнкөріс шегіне тең қаражат қалуы тиіс;

- мүлікті тәркілеу туралы шешім қабылдағанға дейін қылмыстық процестің әрбір кезеңінде оның қылмыстық шығуының фактісін анықтау қажет болады.

Қазіргі уақытта Министрлік 3 заң жобасы бойынша жұмысты жалғастыруда. Олармен көзделген өзгерістер:

- әкімшілік құқықбұзушылықтар үшін санкцияларды жеңілдетуге;

- соттар мен мемлекеттік органдар арасында өкілеттіктерді бөлуге;

- әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс жүргізулерді электронды форматқа ауыстыруға;

- жария-құқықтық қатынастардан туындайтын даулар бойынша сот төрелігін жөнелтуді жақсартуға бағытталған.

Сондай-ақ, Министрлік нормативтік құқықтық актілерді тіркеуді толығымен электронды форматқа ауыстырды. Оны тіркеу мерзімі 15 жұмыс күнінен 5 күнге қысқартылды.

Аталған өзгерістер әлеуметтік мәселелерді жедел реттеуде аса маңызды.

Заң жобаларын жасауды электронды сүйемелдеуге бағытталған «Е-заңнама» ақпараттық жүйесі пилоттық режимде іске қосылды.

****

Өткен жылы Министрлік заң қызметі саласында реформа жүргізді.

Аталған реформа аясында қабылданған шаралар заң қауымдастығында бәсекелес ортаны құруға және адвокаттар санын көбейтуге мүмкіндік берді.

Егер де соңғы 4 жылда адвокаттар саны 300-ге ғана артса, Заң қабылданған уақыттан бергі жарты жылда олардың саны 400-ге көбейіп, 5000-нан аса адамды құрады.

Ол үшін:

- мамандықты игеруде кедергі болған адвокаттар алқасына кіру жарналары;

- адвокаттардың алқа басшылығына негізсіз тәуелділік тудырған адвокаттық ордерлер алып тасталды.

Заңмен тәртіптік іс-жүргізуді 2 деңгейлі жүйеде қарастыру айқындалды. Жергілікті және республикалық деңгейде құрамы 6 адвокат, 3 қоғам өкілі және 2 отставкадағы судьядан тұратын тәртіптік комиссиялар құрылды.

Адвокаттар алқасы қызметін ұйымдастыруда да өзгерістер болды.

Алқа қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында интернет-ресурста қаржы-шаруашылық қызмет туралы есепті орналастырады.

Адвокаттық қауымдастықты тиімді басқару үшін бір тұлғаның басқару органдарында бір мерзімнен көп болуына тыйым салынды.

Бұдан басқа, заң көмегінің сапасын арттыру шаралары қабылданды:

- адвокаттардың өз біліктілігін арттыру және кәсіби ұйым бекіткен ереже мен стандарттар бойынша заң көмегін көрсету міндеттілігі енгізілді;

- 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап адвокат пен заң консультантының кәсіби жауаптылығын міндетті сақтандыру институты енгізіледі. Бұдан былай сапасыз көмек көрсетілген жағдайда азаматтар сақтандыру өтемақысын ала алады.

Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік және қаржылық жағдайы қиын азаматтар адвокат немесе заң консультантынан тегін кешенді әлеуметтік заң көмегін алуда. Бұл көмек өтініш жасаған уақыттан бастап іс бойынша шешім қабылданғанға дейін көрсетіледі.

Бұл ретте, азаматтардың мемлекет кепілдік берген заң көмегін алу мүмкіндігі сақталған. Ол алимент өндіру, зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау, босқын немесе оралман мәртебесін алу мәселесі бойынша заңда көзделген азаматтарға көрсетіледі.

Заңмен азаматтық сот ісін жүргізуге қатысатын заңгерлердің Заң консультанттары палатасына мүше болу міндеттілігі енгізілді. Бұрын бұл қызмет түрі реттелмеген болатын.

Нотариустардың қызметтеріне де өзгерістер енгізілді.

Бұрын соттар қараған 9 даусыз талаптар атқару жазбасын жасау тәртібінде шешу үшін нотариустарға берілді.

Бұдан былай жалақыны, коммуналдық қызметтер берешегін, жалға алу төлемдерін өндіріп алушылар сотқа бармай-ақ нотариустарға жүгіне алады.      

Адвокаттар мен заң консультанттарының «Е-заң көмегі» ақпараттық жүйесінде жұмыс жасау мүмкіндігі бар.

Бұл жүйені мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен біріктіру кәсіби қоғамдастық қызметін барынша оңтайландырады.

****

Сот актілерін орындау әділет органдары қызметінің маңызды саласының бірі.

Министрлік сот актілерін орындауды жақсартуға бағытталған барлық шараларды қабылдауда.  

Халық үшін борышкерлер тізіліміне, елден шығуға тыйым салуларға қол жеткізу қамтамасыз етілді, атқарушылық іс жүргізу тараптарының кабинеті жұмыс жасайды.

Атқарушылық іс жүргізу тараптары атқару іс-әрекеттері туралы СМС арқылы хабарланатын болады. 

Атқарушылық іс жүргізу органдарының  автоматтандырылған ақпараттық жүйесі мемлекеттік органдардың 52 деректер базасымен біріктірілді. Бұл сот орындаушыларына:

  • атқарушылық құжаттарын электронды форматта алуға ықпал етті. Осылайша, атқарушылық істі негізсіз қозғау және ерікті түрде айыппұлдарын өтеген адамдардың құқықтарын шектеу мәселесі шешілді;
  • борышкерлердің мүліктік жай-күйі туралы ақпаратты алуға, ауыртпалық салуға/алуға және электронды форматта қамтамасыз ету шараларын қабылдауға ықпал етті.

Қазіргі уақытта істі тоқтату және барлық шектеу шараларын алып тастау рәсімі толық автоматтандырылды.

Сауда-саттықтың айқындылығын қамтамасыз ету мақсатында «Бірыңғай электронды сауда-саттық алаңы» модулін жаңғыртудың түбегейлі шаралары қабылданды.

Мамандандырылған бұқаралық ақпарат құралдарында, сондай-ақ интернет-ресурстарда жылжымалы және жылжымайтын мүлікті сату бойынша алдағы сауда-саттықтың жарнамасы жүзеге асыралады.

Бірыңғай электронды сауда-саттық алаңының көп деңгейлі қауіпсіздік жүйесі бар.

Республикалық жеке сот орындаушылары палатасының қызметін ұйымдастыруда бірқатар өзгерістер болды. 

«PriceWaterhouseCoopers» үлкен төрттік компаниясының аутсорсингіне беру арқылы Палатаның қаржылық қызметін жүргізуге жауапты қызметкерлердің штаты оңтайландырылды.

Егер де бұдан бұрын жеке сот орындаушыларының мүшелік жарнасы туралы Палатаның белгілі бір адамдары ғана білсе, бүгінгі күні толық есеп Палатаның сайтына орналастырылады.

Сондай-ақ, өзгерістер Республикалық жеке сот орындаушылары палатасының Оқу орталығында да болды. Бұрын Орталықтағы оқу жүйесі жеке сот орындаушылардың өздігінен дайындалуы және өз кабинетінде тестты формальды түрде тапсыруға негізделетін. Оқудан түскен сома Республикалық жеке сот орындаушылары палатасының қызметкерлеріне сыйақы үшін бағытталатын.

Қазіргі уақытта Орталықтың штаты 2 есе оңтайландырылған, оқу күндізгі нысанда және бекітілген бағдарлама бойынша бейнеконференцииялық байланыс арқылы жүргізіледі. Оқудан түскен қаражат білім процесін дамытуға бағытталуда.

Осы жылы Ақмола облысында пилоттық режимде жеке сот орындаушыларының рейтингі енгізілді. Енді өндіріп алушылар рейтингпен танысып, сот орындаушыларды таңдай алады.

****

Халықаралық сарапшылардың бағасы бойынша Қазақстан Орталық Азия аймағындағы бизнес жүргізуге ең қолайлы ел болып табылады.

 Осылайша, 2018 жылы «Doing Business» рейтингі бойынша Қазақстан әлемнің үздік 30 елінің қатарына еніп, 190 елдің арасында 28 орынға тұрақтады.

Бұндай жетістікке көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру арқылы қол жеткіздік.

Мәселен, жылжымайтын мүлікті тіркеу мерзімі 15 күннен 3 күнге дейін қысқартылды. Қазір құқықтарды тіркеу үшін 2 ғана құжатты ұсыну жеткілікті (олар: құқық белгілеуші құжат және төлем туралы түбіртек).

Техникалық паспорт талап етілмейді.

2018 жылғы шілдеден бастап бұл қызмет Азаматтарға арналған үкіметке берілді.

Функцияларды беру арқылы бұрын 9 кезеңнен тұрған мемлекеттік қызмет көрсету жүйесі алып тасталды.

«Электронды үкімет» порталында заңды тұлғаны тіркеу бойынша жаңа қызмет көрсету іске қосылды.

Онда бизнес ашуды, банк шотын ашуды, сақтандыру шартын жасауды, салыққа қосымша құн салығын есепке қоюды бір мезгілде жасауға болады.

Жеке кәсіпкерлік субъектісіне жататын заңды тұлғадан құжаттағы мөрді талап ету алып тасталды.

2019 жылғы 1 шілдеден бастап коммерциялық ұйымды тіркеу Азаматтарға арналған үкіметке беріледі.

Бұл тіркеу уақыты мен шығынын қысқартуға, сыбайлас жемқорлықты болдырмауға ықпал етеді.

****

Сот сараптама жүргізу үшін аумақтық бөлімшелерді қызметтік ғиматараттармен қамтамасыз ету сот сараптама саласындағы ең өзекті мәселе болып тұр.

Өткен жылы сот сараптама ғимараттарының 5 үлгі жобасы әзірленді, қазіргі таңда олардың құрылысын жүргізу үшін жер учаскелерін бөлу сұрақтары пысықталуда.

Құрылысқа кететін шығындар республикалық бюджет қалыптастырғанда кезең-кезеңмен Республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгізілетін болады.      

Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай,  Атырау, Қызылорда, Павлодар облыстарында және Нұр-Сұлтан қаласында Орталықтың филиалдарына 7 ғимарат берілді.

Материалдық-техникалық базаны нығайту мақсатында 902,3 млн. теңге сомасында қосымша қаражат бөлінді. Бұл қаражаттарға жабдықтар сатып алынды.

Дүниежүзілік банк жобасы аясында жеке сот сараптама моделі жақсы нәтиже берген  мемлекеттердің тәжірибесі зерттелді.

Сонымен қатар, Жоба 211 сот сарапшысын 21 зерттеу түрі бойынша Ұлыбританияда, Израиль, Литва, БАӘ, Ресей, АҚШ және Түркия елдерінде оқытуға мүмкіндік берді.

Сот сараптама жүйесінің жағдайына жасалған талдау нәтижесі бойынша, бұл саланы одан әрі дамытуды көздейтін Заң жобасының тұжырымдамасы әзірленді.

Кәсіби деңгейді жоғарылату мақсатында 28 сот сарапшысы «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқып жатыр, біліктілікті арттыру курстарын 232 қызметкер өтті және 25 қызметкер резидентурада оқуда.

Сот сараптама қызметін автоматтандыру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. «Е-сараптама» ақпараттық жүйесі әзірленді. Оны «Төрелік» және «Е-қылмыстық іс» ақпараттық жүйелерімен біріктіру мәселелері пысықталуда.

2019 жылғы 28 ақпанда Сот сараптамасы орталығы Азияның сот сараптамалары қауымдастығына мүше болып қабылданды (AFSN). Бұл сарапшыларға тәжірибемен алмасуға, сараптама саласында соңғы жетістіктерді қарастыруға мүмкіндік береді.

****

Инвестицияларды тарту Үкіметтің алдындағы басым міндет болып белгіленген.

Өз кезегінде, Қазақстанда өз жобаларын іске асыруға үміттенген инвесторлар олардың меншік құқықтары, оның ішінде зияткерлік меншікке құқығы тиімді қорғалатындығына сенімді болуы керек. 

2018 жылғы 20 маусымда зияткерлік меншік саласындағы заңнаманы жетілдіру бойынша Заң қабылданды.

Заңның негізгі жаңашылдығы:

- зияткерлік меншік объектілерін бір сатылық тіркеу жүйесін құру;

- тауар таңбаларына құқықтар бұзылған жағдайда зиян үшін өтемақы төлейтін институт енгізу;

- авторлық құқықты электронды тіркеу және тіркеу мерзімін 20 жұмыс күнінен 1 күнге дейін қысқарту болып табылады.

Қабылданған шаралар қолайлы инвестициялық климат қалыптастыруда және өнертапқыштардың инновациялық белсенділігін арттыруда.

Инвестициялық алаңдарда белсенді қатысу қамтамасыз етілген.

Осылайша, Ұлттық зияткерлік меншік институты өз қаражаты есебінен ЭКСПО аумағынан жаңа ғимарат алды. Астана Хабта фронт-офис ашылды.   

Америка Құрама Штаттарының тәжірибесі бойынша IPR Center құру жоспарлануда. АҚШ-тың Бірыңғай үйлестіру орталығына 19 федералды ведомство мен 4 халықаралық ұйым кіреді. Бұл жедел ақпарат алмасуға және құқықбұзушылыққа уақытылы ден қоюға, уәкілетті ведомство қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға ықпал етеді.    

Тұңғыш Президент – Елбасы қорымен бірге өткізілетін мектеп оқушылары арасындағы «Nazarbayev Fund Schools Challenge» байқауы туралы атап айтқым келеді.

Жеңімпаздар Ұлыбританиядағы Крэнфилд университетіне оқу-танысу сапарына барады. Байқауға қатысушылар өз жұмыстарын табысты коммерциялай алады: мысалы, 2018 жылғы байқау жеңімпазы Қызылордалық Евгений Демиденко өзі жасаған ұшақ жобасын Boeing компаниясына табысты сатты.

****

Мемлекеттік мүдделерді қорғау туралы.

2003–2018 жылдар аралығында 18 миллиард АҚШ доллары сомасына мемлекет мүддесі қорғалды.

Ұлттық қордың активтеріне салынған заңсыз тыйымдар алынды. Bank of New York Mellon банкіндегі Ұлттық Банк шотына 21,5 миллиард АҚШ доллары сомасына салынған заңсыз тыйым алынды. Келтірілген залалды өтеу жұмыстары жүргізілуде.

Баяндама осымен аяқталды.

Назарларыңызға рахмет.